Солтүстік Қазақстан облысында ғылыми бағдарлама аясында кешенді далалық зерттеулер жүргізілді
20.09.2026
2026 жыл бойы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары BR24993222 «Тұрақты даму контекстінде Солтүстік Қазақстан облысының аумағын табиғи-шаруашылық тұрғыдан ұйымдастыру бойынша шешімдер қабылдауды қолдау жүйесін құру» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының аумағында бірқатар далалық зерттеулер жүргізді.
Экспедициялық сапарлардың негізгі мақсаты аумақтың табиғи және шаруашылық ерекшеліктері туралы нақты деректерді жинау және нақтылау, спутниктік суреттердің дұрыстығын тексеру үшін жерүсті зерттеулерін жүргізу, сондай-ақ әзірленген кеңістіктік-ландшафтық жоспарлау нұсқаларын нақтылау және өңірдің туристік әлеуетін бағалау болды.
Экспедициялық сапарлардың бірі барысында мамандар «Шағалалы» ауыл шаруашылығы ұйымының (Аққайың ауданы), «СК Агро 2050» ЖШС (Мағжан Жұмабаев ауданы), «Вишневское» және «Ясная Поляна» (Тайынша ауданы), «Лобаново» ЖШС (Айыртау ауданы), «Астық Мұқыр» ЖШС (Ғабит Мүсірепов атындағы аудан) ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдерімен жұмыс кездесулерін өткізді.
Кездесулер нәтижесінде жер пайдалану және егіс алқаптарының құрылымы, ауыл шаруашылығы дақылдарының орналастырылу тарихы, қолданылатын агротехнологиялар, өнімділік, топырақ және метеорологиялық жағдайлар туралы мәліметтер жиналып, жүйелендірілді. Шаруашылықтарда қолда бар мұрағаттық материалдарға байланысты соңғы 3 жылдан 10 жылға дейінгі кезеңді қамтитын деректер алынды. Бұл материалдар жер пайдалануды ретроспективті талдауға және ауыл шаруашылығы өндірісіндегі өзгерістерді бағалауға мүмкіндік береді.
Далалық жұмыстар аясында ауыл шаруашылығы алқаптары мен табиғи-ландшафтық нысандарға маршруттық зерттеулер жүргізіліп, зерттелген учаскелердің GPS координаттары тіркелді және фототүсірілімдер жасалды. 2026 жылғы 17–28 маусым аралығында өткен экспедиция барысында зерттеулер Солтүстік Қазақстан облысының жеті ауданын қамтыды. Барлығы 356 маршруттық нүкте зерттеліп, геоақпараттық технологиялар мен Жерді қашықтықтан зондтау деректері негізінде дайындалған тақырыптық карталарды тексеру және нақтылау үшін материалдар жиналды.
Экспедициялық зерттеулер барысында аумақтың кеңістіктік-ландшафтық сипаттамаларын нақтылауға және өңірдің табиғи ерекшеліктерін ескере отырып, оның туристік әлеуетін бағалауға ерекше назар аударылды.
Алынған материалдар геоақпараттық деректер базасын жаңарту, картографиялық материалдардың нақтылығын арттыру, кеңістіктік-ландшафтық жоспарлау тәсілдерін жетілдіру, сондай-ақ табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және Солтүстік Қазақстан облысының тұрақты дамуы бойынша ғылыми негізделген ұсынымдар әзірлеу үшін пайдаланылуда.